Жаңалықтар

Астанада жаңа Конституцияны қолдауға арналған Open Air концерті мен әсерлі дрон-шоу өтті

Астанада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қолдауға арналған Open Air форматындағы мерекелік live-концерт өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының филиалына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шарада елорда тұрғындары мен қонақтары бас қосып, мерекелік шаралардың біріне айналды.

Сахнада қазақстандық танымал өнерпаздар – Әлішер Кәрімов, Қайрат Байкенов, Ернар Амандық, Bayansulu, Мади Қадыров, сондай-ақ Zaman және «Жошы» топтары өнер көрсетті. 

Әртістер көрермендерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. 

Кештің көркін әсерлі дрон-шоу қыздыра түсті. Түнгі аспанда дрондар алтын және көгілдір шамдар арқылы Қазақстан картасының бейнесін жасап, оның ортасында «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды бейнеледі.

Осыдан кейін аспанда «Референдум» жазуы мен оның өтетін күні – 15 наурыз/марта көрініс тапты.

Шоудың финалында Қазақстанның басты ұлттық рәміздерінің бірі – шаңырақ бейнеленіп, оның төменгі жағында ел бірлігі мен жауапты таңдауды білдіретін көк түсті белгі көрсетілді.

Мерекелік іс-шара елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлап, әсерге толы кеш болды.