Жамбыл облысында диқандарға 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілуде
Жамбыл облысында көктемгі егіс науқанына дайындық аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржылай қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Кең дала–2» бағдарламасы арқылы шаруаларға 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік жасалуда.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Министрдің айтуынша, өңірде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүйелі түрде жүргізіліп, аграрлық секторды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық көмек көрсетілуде.
Биыл «Кең дала–2» бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 101 шаруашылыққа 2,8 миллиард теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ шаруашылықтардан жалпы 4,6 миллиард теңге көлемінде өтінім түскен, олардың бір бөлігі бойынша қаржы беріліп, қалған өтінімдер қаралу үстінде.
Жеңілдетілген несие ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдарын және басқа да қажетті ресурстарды уақытылы сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде көктемгі егіс науқанының тиімді әрі ұйымдасқан түрде өтуіне жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, 2026 жылы Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 623,3 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Егіс жұмыстарына қажетті 58 мың тонна тұқым дайындалып, шаруашылықтарға жеткізілді. Сонымен қатар өнімділікті арттыру мақсатында 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.
Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылмақ. Сондай-ақ шаруалардың өтінімдері негізінде 25,1 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде жеңілдетілген несиелер ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және өңірдегі егіс науқанының сапалы өтуіне айтарлықтай ықпал етеді.