Жаңалықтар

Атырауда жоғалған отбасы ісі: Наурыз бен Мирамгүлдің денесі табылды

Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасы мүшелеріне қатысты қайғылы жағдай анықталды. Кеше күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Алматы қаласына жеткізілген болатын. Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз бен Мирамгүлді өзі өлтіргенін мойындап, олардың денелерін бұрын тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көмгенін айтқан.

Осы мәліметтен кейін Атырау қаласының тергеушілері көрсетілген мекенжайға барып, аумақты қайта тексерді. Нәтижесінде аталған үйдің ауласынан екі адамның мәйіті табылды.

Белгілі болғандай, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев осы үйде жұбайымен бірге тұрған.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен еді. Кейінірек олардың екеуі — ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның денесі өз үйлерінің ауласынан табылған. Ал олардың балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің тағдыры ұзақ уақыт белгісіз болып келген.

Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев негізгі күдікті ретінде іздеуге жарияланған болатын.