Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану қайта енгізілуі мүмкін
Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану мүмкіндігін қайта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге, соның ішінде стоматологиялық қызметтерге жұмсау мүмкіндігі болған. Бұл бағдарлама халық арасында үлкен сұранысқа ие болғанымен, кейбір азаматтардың қаражатты мақсатсыз пайдалануы мәселеге айналған.
Ибрагимованың сөзінше, шамамен 10 пайыз адам бөлінген қаражатты белгіленген мақсатта қолданбаған. Соның салдарынан қалған 90 пайыз азамат та бұл мүмкіндіктен айырылып қалды. Басқарма төрайымы мұндай жағдайды әділетсіз деп атап өтті.
Қазіргі уақытта бұл процесті барынша ашық әрі бақылауға болатын жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына дейін емделуге арналған зейнетақы қаражатын алу тетігі толықтай онлайн форматқа көшіріледі. Осылайша қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жеңілдейді.