Таразда жас балуандар арасында Қазақстан чемпионаты басталды
Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 жас санаттары арасында Қазақстан чемпионаты басталды.
Еліміздің әр өңірінен келген 1000-нан астам жас балуан қатысып жатқан жарыс жас спортшылар үшін маңызды дода саналады. Чемпионат 10 күнге жалғасады.
Қазақстан күрес федерациясы жас балуандар мен болашақ чемпиондарды қолдау мақсатында жарыстың жалпы жүлде қорына 41 миллион теңге бөлген.
Жарыс ережесіне сәйкес, U15 жас санатының чемпиондарына 200 мың теңге, екінші орын алған спортшыларға 100 мың теңге, ал үшінші орын иелеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.
Ал U23 жас санатында жеңімпаздарға 500 мың теңге, күміс жүлдегерлерге 300 мың теңге, ал қола медаль иегерлеріне 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.
Ауқымды спорттық шара жас балуандардың шеберлігін шыңдап, болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.