Қазақстанда “Ұмай” әйелдер ипотекасы қайта іске қосылады
“Отбасы банк” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкіметтегі брифингте әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекалық бағдарламасын биыл шілде–тамыз айларында іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, бағдарламаға бөлінетін жалпы қаражат 90 миллиард теңгені құрайды. Оның 50 пайызы “Жасыл” ипотекаға, ал 50 пайызы “Ұмай” ипотекасына бағытталмақ.
Банк басшысы бұл бастама Азия даму банкі қолдауымен жүзеге асатынын айтты. Қазір тараптар меморандумға қол қойған, ал бағдарламаны іске қосу үшін қажетті ресми құжаттар рәсімделіп жатыр.
Сондай-ақ Азия даму банкі Қазақстан қор биржасында теңге түріндегі облигацияларды орналастыруды жоспарлап отыр. Егер олардың мөлшерлемесі шамамен 16% деңгейінде болса, “Отбасы банк” ипотеканы 17% мөлшерлемемен бермек. Ал биржадағы мөлшерлеме 12–13% деңгейіне дейін төмендесе, бағдарламаны шілде немесе тамыз айларында іске қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Айта кетейік, “Ұмай” ипотекалық бағдарламасы алғаш рет 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеген. Кейін уақытша тоқтатылған. Бағдарлама Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асады. Бұған дейін оны 2025 жылдың басында жаңартылған талаптармен қайта іске қосу жоспарланған, бірақ іске қосу мерзімі кейінге қалдырылған болатын.
Алдын ала жарияланған талаптарға сәйкес, бағдарламаға қатысу үшін несие сомасының кемінде 20% бастапқы жарнасы “Отбасы банктегі” депозитте болуы керек.