Референдумға 38 ел мен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысады
Қазақстанда 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум қарсаңында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды.
Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, халықаралық байқаушылар институтын ашу туралы шешім 2026 жылғы 12 ақпанда қабылданған. Осыдан кейін шетелдік байқаушыларды аккредиттеу рәсімі басталып, 9 наурыз күні сағат 18:00-де толық аяқталды.
Аккредиттеу нәтижесі бойынша референдумды байқауға 38 шет мемлекеттің және 11 халықаралық ұйымның 359 өкілі қатысады. Олардың қатарында ТМД байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобы, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық байқау миссиясы және бірқатар басқа халықаралық құрылымдардың өкілдері бар.
Айта кетейік, халықаралық байқаушылардың қатысуы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Заңнамаға сәйкес, байқаушыларды аккредиттеу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы негізінде Орталық референдум комиссиясы арқылы жүргізіледі.
Халықаралық байқаушылардың қатысуы референдум өткізу үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың дауыс беру процесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.