Аида Балаева: Жаңа Конституция жобасында Қазақстандағы білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақты әрі анық көрсетілген
Сәтбаев қаласында Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің оқу орнының еңбек ұжымымен кездесуі өтті.
Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге сондай-ақ Мәжіліс депутаты, заңгерлік және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты. Талқылау барысында жаңа Конституция жобасының білім беру ортасына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және адами капиталды дамытуға тікелей қатысты нормаларына ерекше назар аударылды. Лицейдің педагогикалық ұжымымен кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесін дамыту, зайырлы білім беру қағидаттарын нығайту және барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.
Сонымен қатар коалицияның өзге мүшелері конституциялық реформаның қоғамдық маңызына, жоба мазмұнына мұқият әрі саналы көзқараспен қараудың қажеттілігіне, сондай-ақ Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында білімнің, құқықтық мәдениеттің және қоғамдық сенімнің рөліне тоқталды.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа Конституция жобасы ел тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға, қоғамдық келісімді бекемдеуге және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Белгілі заңгер ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков Ата Заңның жаңа редакциясы кең ауқымды қоғамдық талқылау жағдайында әзірленгенін және әрбір азаматқа түсінікті әрі жақын болуға тиіс екенін атап өтті.
Кездесу соңында ұстаздар қауымы алдағы референдумға белсенді қатысудың маңыздылығын айтып, саналы азаматтық ұстаным арқылы Қазақстанның болашағының берік негізі қаланатынын ерекше атап өтті.