Жамбыл облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді: өндіріс көлемі артып, инвестициялар өсуде
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығының негізгі қозғаушы күші саналатын мал шаруашылығы саласы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Бүгінде өңірде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 52 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде салада оң динамика қалыптасып, өндіріс көлемі мен мал басы жылдан жылға артып келеді.
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдрасыл Желеубаевтың мәліметінше, 2025 жылы өңірде ет өндірісі 2,4 пайызға, ал сүт өндірісі 1,6 пайызға көбейген. Сонымен қатар облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 3,7 миллион басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан.
Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 12,1 пайызды немесе 52,1 мың басты құрайды. Ал асыл тұқымды қой саны 792,1 мың басқа жетіп, олардың үлесі 26,2 пайызға дейін өскен. Бүгінде облыста 500 бастан асатын асыл тұқымды қой өсіретін 359 шаруа қожалығы жұмыс істесе, асыл тұқымды ірі қара өсірумен 59 шаруашылық айналысады.
Мал бордақылау инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі уақытта облыста ірі қара малға арналған сыйымдылығы 1000-нан 7000 басқа дейін жететін тоғыз өндірістік бордақылау алаңы жұмыс істейді. Сонымен қатар бір мезгілде 5000 қой бордақылайтын екі алаң бар. Қой бордақылау саласында Қордай ауданындағы «Медет» және Меркі ауданындағы «Олжа» шаруа қожалықтары табысты еңбек етуде.
Өңірде ет өңдеу кластері де қалыптасып келеді. Қазіргі таңда тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қара малды сойып, өңдеуге қауқарлы екі ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар - Меркі ауданындағы «Меркенский мясокомбинат» ЖШС және Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» ЖШС.
Жамбыл облысында құс шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өңірде екі ірі өндірістік құс фабрикасы - «Әулие-Ата Феникс» ЖШС мен «Алель-Агро» АҚ жұмыс істейді.
Соның ішінде «Алель-Агро» акционерлік қоғамы еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Компания бройлер тауық етін өндіру және өңдеумен айналысып, толық өндірістік циклді жүзеге асырады. Яғни құсты өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Кәсіпорын 2028 жылдың соңына дейін өндіріс көлемін жылына 75 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жобаға шамамен 50 миллиард теңге инвестиция бағытталмақ. Қазіргі уақытта кәсіпорында тұрақты түрде 1500-ге жуық адам еңбек етеді.
Өңірде сүтті бағыттағы мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Бүгінде облыста 55 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Олардың қатарында Қордай ауданындағы «Какпатас Кордай» ЖШС-нің 600 сауынды сиырға арналған өндірістік типтегі ірі фермасы бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары сүт фермаларының саны айтарлықтай артты. Мәселен, 2022 жылы өңірде 37 ферма болса, 2025 жылы олардың саны 55-ке жетті.
Тауарлы-сүт фермаларында өндірілген өнім толықтай қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізіледі. Соңғы үш жыл ішінде бұл бағытты дамытуға 1,2 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарының саны 28-ге жетті. Қазіргі таңда олардың өндірістік жүктемесі 78 пайызды құрайды.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында мал шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары тиімді жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты өсіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр.