Жамбылдағы колледжде білім мен өндірісті біріктірген тігін цехы ашылды
Жамбыл облысында студенттердің кәсіби тәжірибесін арттыруға бағытталған жаңа өндірістік алаң ашылды. №7 Бетқайнар колледжінде заманауи талаптарға сай жабдықталған тігін цехы іске қосылып, білім мен өндірісті ұштастыратын маңызды орталыққа айналды.
Жаңа цехтың ашылуы студенттердің кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мұнда білім алушылар теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, нақты өндірістік ортада жұмыс істеуді үйренеді.
Цех колледждің бос тұрған ғимараты негізінде ашылды. Ғимаратқа толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шағын кәсіпорынды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде толық жабдықталған тігін өндірісі іске қосылып, студенттер үшін тәжірибелік база қалыптасты.
Бүгінде мұнда «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері дипломалды тәжірибеден өтуде. Олар тек оқу мақсатындағы тапсырмаларды ғана емес, нақты тапсырыстарды да орындап, өндірістік процестің барлық кезеңімен танысады. Бұл тәжірибе студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытып, еңбек нарығына дайын маман болып шығуына мүмкіндік береді.
Тігін цехында ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер, сондай-ақ арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Осы арқылы студенттер түрлі стильдегі киімдерді дайындаудың технологиясын меңгеріп, дизайнерлік және өндірістік дағдыларын жетілдіреді.
Колледж базасында ашылған шағын кәсіпорын – болашақ мамандарды нақты өндірістік жағдайда даярлауға бағытталған тиімді алаң. Мұнда студенттер кәсіби тәжірибе жинақтап қана қоймай, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.