«Ең алдымен, баршаңызға және жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Салмақты, пайдалы ой-пікірлер айтылды. Оның бәрі Парламенттің, Үкіметтің алдағы жұмысында ескерілетін болады», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы ерекше. Себебі форумға еліміздің барлық өңірінен жергілікті билік өкілдері арнайы қатысып отыр. Қазіргі таңда залда миллиондаған азаматтың мүддесін қорғайтын екі мыңға жуық депутат жиналған.
«Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Сіздер атқарып жатқан жұмысты ұдайы басты назарда ұстаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай жиындардың өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Президенттің сөзінше, Қазақстанда ауқымды әрі тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр.
«Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік», – деді Мемлекет басшысы.
Осы өзгерістер аясында мәслихаттардың рөлі ерекше екеніне тоқталған Президент өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала беретінін айтты.
«Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілгенін де атап өтті. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделі артып, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны нығайған.
«Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды», – деді Мемлекет басшысы.
Дегенмен, Президент мәслихаттардың әлеуетін одан әрі арттыру үшін әлі де бірқатар міндетті орындау қажет екенін айтты.
Форум барысында өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы аймақтардың өз бюджетін тиімді жоспарлап, табысын көбейтуге мән беруі керектігін атап өтті.
«Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жергілікті биліктің әлеуетін күшейту мақсатында нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, өткен жылы ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асқан. Оның үштен бірі – елді мекендердің өз табысы.
«Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш», – деді Мемлекет басшысы.
Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көздеріне де ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты жергілікті деңгейде жинап, өз қажеттіліктеріне жұмсау мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, аймақтарға жекелеген қызмет түрлеріне берілетін лицензиялық алымдардан және экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражатты беру мүмкіндігі де қарастырылуда.
«Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай шешімдер жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мәслихат депутаттарының жауапкершілігі де арта түседі.
Мемлекет басшысы мәслихаттарға жүктелетін негізгі міндеттердің бірі – бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау екенін ерекше атап өтті.
Осылайша, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өңірлік саясатты жетілдіру, жергілікті басқару жүйесін нығайту және халықтың өмір сапасын арттыру бағытындағы маңызды алаңға айналды. Форумда айтылған бастамалар мен ұсыныстар елдің тұрақты дамуына және аймақтардың әлеуетін арттыруға тың серпін беретіні анық.




