160 елдің ішінде 42-орын: Қазақстан адам капиталын дамытуда жаңа деңгейге көтерілді
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан адам капиталын жаһандық бағалаудағы позициясын айтарлықтай нығайтып, 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Бұл кездейсоқ емес.
"Соңғы жылдардағы ауқымды мемлекеттік инвестициялар қазірдің өзінде жеміс беріп, стратегиялық тиімділігін көрсете бастады. Аталған беделді индексте Қазақстанның жоғары көтерілуі мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді қисынға әрі нақты басымдықтарға сүйенетінін көрсетеді.
Бұл дегеніміз – ұлт саулығын нығайту, білім сапасын арттыру, балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту, ғылымды, мәдениетті, спортты қолдау, озық инновацияға, цифрландыруға ден қою, жасанды интеллектіні енгізу, жайлы әлеуметтік және кәсіпкерлік орта құру.
Мемлекет осы және басқа да салаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Сол арқылы азаматтардың әлеуетін өркендетуге жол ашады. Бұл – біздің түпкілікті таңдауымыз. Себебі жаңа заманда халқының келешегін кемел етуге ұмтылған мемлекеттер ғана ұтады.
Жиындарда, Үкімет отырыстарында, еңбек ұжымдарымен кездесулерде бос мақтаннан, тоқмейілсуден аулақ болып, түйткілді мәселелерді ашық айтып, оның шешімін бірлесіп іздеуіміз қажет екенін, алдымызға биік мақсат қою керегін үнемі айтып келемін. Сонда ғана нақты табысқа жете алатынымызға сенімдімін" - деді Мемлекет басшысы.