Жаңалықтар

Референдум – халық таңдауы: жаңа Конституция ел болашағын айқындайды

Қазақстанда жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісі кең қоғамдық талқылаумен және кәсіби сарапшылардың белсенді қатысуымен жүзеге асқан ауқымды жұмыс болды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты дайындау барысында арнайы құрылған комиссия үлкен еңбек атқарғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, комиссия құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі жоғары болған және олар мыңдаған ұсынысты жан-жақты саралап, жүйелеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізген.

«Ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та теңдесі жоқ Комиссия өте көп жұмыс атқарды. Мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтіру – оңай шаруа емес», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция мәтінін әзірлеуге атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

«Мен осы сәтті пайдаланып, Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген барша азаматқа тағы да зор алғыс айтамын», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел болашағына қатысты маңызды мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған азаматтарға да ризашылығын жеткізді.

«Ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған адамдарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сарапшылар барлық негізгі мәселелер бойынша ортақ келісімге келгеннен кейін ғана Конституцияның соңғы жобасы қоғам талқысына ұсынылған.

«Сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды», – деді Мемлекет басшысы.

Алдағы жексенбіде өтетін референдум ел тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі болмақ.

«Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз», – деді Президент.

Осылайша, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі халықтың ерік-жігері арқылы шешілетін маңызды тарихи кезеңге айналып отыр.