Жастар таңдауы – Жаңа Конституцияның берік негізі
Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде қабылданған әрбір тарихи шешім ел болашағын айқындайды. Солардың қатарында бүкілхалықтық референдум арқылы талқыланған Жаңа Конституция жобасының маңызы айрықша. Мемлекет басшысы бұл маңызды қадамның, ең алдымен, жастарға бағытталғанын ерекше атап өтті. Өйткені ел ертеңі – жас буынның қолында.
Президент өз үндеуінде жас азаматтарға үлкен сенім артатынын жеткізді. Жаңа Конституция жобасы жастардың болашағын айқындайтын, олардың еркін, әділетті қоғамда өмір сүруіне жол ашатын құжат екені айтылды. Сондықтан референдумда дауыс беру – жай ғана рәсім емес, әрбір азаматтың мемлекет тағдырына тікелей қатысуының көрінісі.
Шын мәнінде, референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің нақты белгісі. Әрбір берілген дауыс – Қазақстанның даму бағытын қолдаудың айқын дәлелі. Президент атап өткендей, бұл тек бюллетеньдегі белгі ғана емес, жаңа Халық Конституциясына көрсетілген сенім мен қолдау.
Уақыт өте келе бүгінгі жас буын есейіп, өмірлік тәжірибе жинақтағанда: «Мен елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық негіз болады. Бұл – ел тарихындағы маңызды кезеңге өз қолтаңбасын қалдыру деген сөз.
Мемлекет басшысы жастарға болашақ қоғамды құру миссиясы жүктелетінін де ерекше айтты. Ол қоғам – ынтымақ пен бірлікке негізделген, еңбекқорлық пен заңға құрмет үстемдік еткен, білім мен ғылым, мәдениет пен зайырлы құндылықтар берік орныққан мемлекет болуы тиіс. Сонымен қатар, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналатын жаңа дәуірдің талаптарына жауап беретін қоғам қалыптасады.
Демек, бүгінгі жастардың таңдауы – ертеңгі Қазақстанның келбетін айқындайтын маңызды қадам. Әрбір азаматтың дауысы елдің дамуына, тұрақтылығы мен өркендеуіне қызмет етеді.
Сондықтан Президент айтқандай, жас ұрпақтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Ал ел тағдырына жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың басты парызы.