Алаяқтар референдум қарсаңында қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдануда
Қазақстанда алдағы референдум қарсаңында алаяқтық әрекеттер көбейіп отыр. Белгісіз адамдар азаматтарға қоңырау шалып, өзін түрлі мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырып, SMS арқылы келген кодты сұрай бастады.
Алаяқтардың айтуынша, бұл код референдумға қатысу үшін «бюллетеньді тіркеу» немесе «дауыс беруді растау» мақсатында қажет екен. Алайда мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы референдумға қатысу үшін ешқандай онлайн тіркелу, телефон арқылы растау немесе SMS-код енгізу талап етілмейді. Дауыс беру тек белгіленген сайлау учаскелерінде, дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньдер арқылы жүргізіледі.
Алаяқтар азаматтардың жеке деректеріне немесе банктік аккаунттарына қол жеткізу үшін дәл осындай әдістерді жиі қолданады. SMS арқылы келген кодты үшінші тұлғаларға айту – аккаунттарды бұзып, қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Сондықтан мамандар азаматтарға сақ болуға кеңес береді. Егер белгісіз нөмірден қоңырау келіп, SMS-код сұралса, оны ешкімге бермеу керек. Сондай-ақ мұндай жағдайларда телефонды бірден өшіріп, ресми ақпарат көздеріне ғана сену ұсынылады.
Еске сала кетейік, референдум кезінде дауыс беру тек сайлау учаскелерінде жүргізіледі. Азаматтарға ешкім телефон арқылы тіркелуді немесе код жіберуді талап етпейді.
Егер күмәнді қоңыраулар түссе, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.