Кештің басты мақсаты – жастардың мәдени белсенділігін арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамдық маңызы бар бастамаларға қызығушылығын күшейту болды. Ашық аспан астында өткен концерт ерекше атмосферасымен есте қалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Концерттік бағдарлама барысында қазақстандық эстрада орындаушылары IL’HAN мен BAYANSULU сахнаға шығып, көпшілікке танымал әндерін орындады. Жастар сүйіп тыңдайтын әндер кештің көркін қыздырып, жиналған көрермендерді бір серпілтіп тастады. Әсіресе, орындаушылар мен көрермендердің бірге ән айтып, бір толқында болуы кештің әсерін арттыра түсті.
Шара тек концерттік бағдарламамен шектелмей, мазмұнды ақпараттық кездесумен де жалғасты. Кеш аясында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Сәкен Ермек пен Қарақат Тұрсынхан жастармен жүздесіп, жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында жастарға ұсынылып отырған бастамалардың қоғам үшін маңызы түсіндіріліп, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге белсенді қатысудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар тараздық жастар 15 наурызда өтетін референдумға қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат алып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырылды.
Осындай мәдени әрі танымдық форматтағы шаралар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашып, олардың ел дамуына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Көне шаһар төрінде өткен бұл кеш жастардың бірлігін нығайтып, Тараз қаласының мәдени өміріне ерекше серпін берген жарқын оқиғалардың бірі болды.


