Жаңалықтар

Референдум алдындағы «тыныштық күні»: Нені ескеру керек?

14 наурыз – референдум алдындағы «тыныштық күні». Осы күннен бастап, сондай-ақ 15 наурыз күні де елімізде кез келген үгіт-насихат жұмыстарына толықтай тыйым салынады.

Бұл талап азаматтардың еркін әрі саналы түрде таңдау жасауына мүмкіндік беру үшін енгізілген. Яғни, дауыс беру қарсаңында халыққа қысым жасалмауы және сайлаушылардың өз шешімін ешқандай насихатсыз қабылдауы көзделеді.

Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес, дауыс беру күні мен оған дейінгі бес күн ішінде қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялауға болмайды. Бұл норма да сайлаушыларға ықпал ету әрекеттерінің алдын алу мақсатында қабылданған.

Мамандардың айтуынша, аталған талаптар референдумның әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Егер бұл ережелер сақталмаса, яғни үгіт жүргізу немесе сауалнама нәтижелерін жариялау фактілері анықталса, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Осыған байланысты азаматтар мен ұйымдарға заң талаптарын қатаң сақтап, референдум қарсаңындағы «тыныштық күні» режимін бұзбау ұсынылады.