Шымкент – Тараз тасжолында жаңа камералар іске қосылды: 21 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді
Шымкент – Тараз бағытындағы ақылы тасжолда жүргізушілердің орташа жылдамдығын бақылайтын жаңа камералар жұмысын бастады. Жаңа жүйе жол қозғалысы ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының мәліметінше, 2026 жылдың 23 ақпанынан бастап орташа жылдамдықты асыру деректері Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процессингтік орталығына автоматты түрде жіберіледі.
Жүйені іске қоспас бұрын мамандар камералар орнатылған нүктелердің арақашықтығын өлшеп, бақылаудың екі негізгі аймағын анықтаған.
Бірінші бақылау учаскесі Шақпақ Баба мен Теріс-Ащыбұлақ аралығында орналасқан. Оның ұзындығы 39,6 шақырымды құрайды. Бұл бөлікте көліктердің орташа жылдамдығы сағатына шамамен 104 шақырым болғаны анықталған.
Ал екінші бақылау аймағы Теріс-Ащыбұлақ пен Айша-Бибі аралығын қамтиды. Бұл учаскенің ұзындығы 18,9 шақырым, ал тіркелген орташа жылдамдық сағатына 91 шақырымды көрсеткен.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін Zerek-2 бағдарламалық-аппараттық кешені тіркейді.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, жүйе іске қосылғаннан бері аталған жол бөлігінде орташа жылдамдықты асыру бойынша 21 152 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау жүйесі жол қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.