Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сот басталады
Астанада блогер жұп Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 13 наурыз күні сағат 15:00-де басталады. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралады. Бұл ақпаратты соттың баспасөз қызметі мен Қаржылық мониторинг агенттігі растады.
Ведомствоның мәліметінше, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданған. Бұған дейін, 2025 жылдың 9 қазанында апелляциялық сот блогерлердің шағымдарын қанағаттандырмай, олардың әкімшілік істерін қылмыстық іске қайта саралау мүмкіндігін қалдырған еді. Кейін қаржылық мониторинг агенттігі олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, блогерлер Instagram желісіндегі миллиондаған аудиториясының сенімін пайдаланып, онлайн-курстарды сату арқылы табыс тапқан. Курстарды сатып алған адамдарға қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу ұсынылған. Алайда тергеу барысында бұл бейнематериалдардың нақты білім беру құндылығы болмағаны анықталған. Контенттің бір бөлігі ашық дереккөздерден алынған.
Сондай-ақ ұтыс ойынын өткізу барысында электронды жүйеге өзгерістер енгізілгені айтылды. Нәтижесінде шағын сыйлықтарды ұту ықтималдығы әдейі арттырылып, ал бағалы жүлделерді жеңіп алу мүмкіндігі төмендетілген. Сонымен қатар блогерлер жария түрде бірнеше көлік ұтысқа қойылғанын мәлімдегенімен, кейбір жүлделердің нақты иесі анықталмағаны айтылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, блогерлерге тиесілі Zhana Business компаниясының есепшоттарына азаматтардан жалпы 247,5 миллион теңге түскен. Оның ішінде 60 миллион теңге депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен блогерлердің мүлкіне де тыйым салынды. Атап айтқанда, 10 автокөлікке, оның ішінде қымбат маркалы Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктеріне, сондай-ақ 17 iPhone телефонына арест қойылған.
Қазіргі уақытта Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, блогерлерге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.