Жаңалықтар

8 наурыз қарсаңында қызғалдақ сатқандар шығынға батты

Биыл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қызғалдақ сатумен айналысқан кәсіпкерлердің саны күрт көбейіп, нарықтағы ұсыныс сұраныстан асып кетті. Соның салдарынан көптеген сатушылар гүлдерін өткізе алмай, табыс табудың орнына шығынға ұшыраған. Гүл бизнесінде тәжірибесі бар қазақстандық кәсіпкерлер биылғы жағдай бұрын-соңды болмаған қиындық әкелгенін айтады.

Алматы қаласының тұрғыны, гүл саудасымен бірнеше жылдан бері айналысып жүрген кәсіпкер Айжан Утегулова бұл саламен отбасы болып 10 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, бастапқыда бұл күйеуінің отбасылық кәсібі болған. Кейін өзі де іске араласып, тұрақты клиенттер жинай бастаған. Қазір негізгі дүкендерін жалға берсе де, мереке күндері гүл сатумен өзі айналысады.

Кәсіпкердің айтуынша, ер адамдар көбіне сенімді сатушылардан гүл алғанды жөн көреді. Сондықтан тұрақты клиенттері қала шетінде орналасса да, арнайы келіп сатып алады. Алайда биылғы мереке оның кәсібінде күтпеген қиындықтармен есте қалған.

Айжан гүл саудасының өзі оңай кәсіп емес екенін айтады. Біріншіден, гүл – тез бұзылатын өнім. Екіншіден, оны сақтау үшін белгілі бір температура мен күтім қажет. Сонымен қатар, әдемі букет жасау үшін флористің талғамы мен тәжірибесі болуы тиіс. Осындай қиындықтарға қарамастан, кәсіпкер бұрын мұндай ірі шығынға ұшырамағанын айтты.

Оның айтуынша, биыл мереке жақындаған сайын қызғалдақ бағасы керісінше арзандай бастаған. Әдетте ақпан айында баға өсетін болса, бұл жолы нарықта керісінше құлдырау байқалған. Әлеуметтік желілерде көптеген адам қызғалдақты өте төмен бағамен сата бастаған. Нәтижесінде нарықтағы баға күрт төмендеп кеткен.

Кәсіпкердің айтуынша, биыл қызғалдақ өсірумен айналысатындар саны тым көбейіп кеткен. Сол себепті ұсыныс сұраныстан асып, баға тұрақсыз болып қалған.

Айжанның айтуынша, олар үш сауда нүктесіне арнап 9000 дана қызғалдақ сатып алған. Алайда жоспарланған сатылым жүзеге аспаған. Мысалы, 6 наурыз күні 3000 гүл сату жоспарланғанымен, бар болғаны 166 дана ғана сатылған. Кейінгі күндері де жағдай жақсармаған.

Нәтижесінде 9000 гүлдің 6000-ы өзіндік бағасына сатылса, 1000 данасы сапасыз болып шыққан. Ал 2000 қызғалдақ мүлде сатылмай қалған. Соның салдарынан кәсіпкер шамамен 1 миллион теңге шығынға ұшыраған.

Астанада да жағдай ұқсас болған. Маруан есімді кәсіпкер бұл кәсіппен сегіз жылдан бері айналысып келеді. Ол биыл тәжірибелі кәсіпкерлердің өзі қиын жағдайға тап болғанын айтты.

Кәсіпкердің сөзінше, биыл қызғалдақтың бір түрі ғана 300–350 теңге аралығында сатылған. Мұндай төмен баға кейбір жылыжайлардың өзінде де болмаған. Соған қарамастан, ол соңғы күндері барлық гүлін арзан бағамен сатып үлгерген.

Маруан нысанды жалға алу үшін 300 мың теңге төлеген. Бірақ барлық сатылымнан небәрі 100 мың теңге ғана табыс түскен. Бұған флористтің жалақысы мен басқа да шығындар қосылған. Оның айтуынша, мереке күндері тәулігіне екі сағат қана ұйықтап, бар күшін сатқанымен, нәтиже көңіл көншітпеген.

Алматыда үшінші жыл қатарынан қызғалдақ сатып жүрген Мақпал есімді кәсіпкер де биыл үлкен шығынға ұшырағанын айтады. Оның айтуынша, бұрынғы жылдары сатылым жақсы болған. Мәселен, 2024 жылы бір сауда нүктесінде 6000 гүл сатылса, өткен жылы 11 мың дана қызғалдақ өткізілген.

Биыл олар сатылым көлемін арттырамыз деп жоспарлап, 18 мың гүл сатамыз деген үмітпен 9 миллион теңгеге қызғалдақ сатып алған. Бірақ нәтижесінде оның тек жартысы – 9000 данасы ғана сатылған.

Қалған 9000 гүл өтпей қалғандықтан, кәсіпкер шамамен 3,6–4 миллион теңге көлемінде шығынға батқанын айтты. Қазір олар қалған гүлдерді TikTok арқылы 250–300 теңгеден сатып жатыр. Соңғы күндері тіпті 150–200 теңгеге дейін арзандатуға мәжбүр болған.

Кәсіпкерлердің айтуынша, нарықтағы жағдайға бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – қызғалдақтың тым көп көлемде әкелінуі. Кейбір мәліметтер бойынша, Голландиядан Қазақстанға бұрынғыдан да көп пиязшық жеткізілген. Сонымен қатар Қытайдан да қызғалдақ көп келген.

Соның салдарынан жылыжайлардың өзінде сатылмай қалған гүлдер көбейген. Кейбір жылыжайлар 7 наурыздан бастап гүлдерін арзан бағамен жаппай сата бастаған. Бұл өз кезегінде нарықтағы бағаны одан әрі түсіріп жіберген.

Кәсіпкерлердің айтуынша, көшеде тұрып гүл сататындардың көбісі биыл ұтылған. Ал әлеуметтік желі арқылы, әсіресе Threads пен TikTok платформалары арқылы сатқандар салыстырмалы түрде жақсы нәтиже көрсеткен.

Қазір сатылмай қалған гүлдердің бір бөлігі өте арзан бағамен сатылып жатыр. Ал қалғандарын кәсіпкерлер ауруханалар мен қарттар үйлеріне таратуға ниетті.

Көптеген сатушылар биылғы жағдайдан сабақ алғандарын айтады. Олардың пікірінше, келесі жылы гүлді алдын ала көп мөлшерде сатып алмай, нақты сұранысқа қарай мерекеге жақын уақытта алған дұрыс болады.