Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды
– Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады.
Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.