Ербол Хамитов Милан – Кортина Паралимпиадасында тарихи алтын медаль жеңіп алды
Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов 2026 жылғы 6–15 наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиаданың чемпионы атанды.
Пара биатлоннан 4,5 км қашықтықтағы із қуу жарысында қазақстандық паралимпиадашы тамаша нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алып, отандық спорт тарихына өз есімін жазды.
Бұл жеңіс ұлттық құрама үшін маңызды жетістік болып, Қазақстанның паралимпиадалық қозғалысы тарихындағы жарқын сәттердің біріне айналды.
Сонымен қатар, пара шаңғы жарысының финалында Ербол Хамитов жоғары шеберлік танытып, қола медаль иеленді. Қарсыластарының мықтылығына қарамастан, спортшы жарыс бойы жоғары қарқын сақтап, соңғы метрлерге дейін табандылық көрсетті.
Бұл нәтиже Қазақстан ұлттық құрамасының қысқы Паралимпиададағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Спортшының жетістігі — көпжылдық дайындықтың, мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың, бапкерлер еңбегінің және команданың бірлескен жұмысының нәтижесі.
Паралимпиадаға дайындық аясында 2025 жылдың басынан бастап ұлттық құрама үшін 7 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланды, оның ішінде 2 жиын Қазақстан аумағында, 5 жиын шетелде ұйымдастырылды.
Спортшылардың дайындығын күшейту мақсатында 2025 жылғы 25 сәуірде келісімшарт негізінде пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша жаттықтырушы-кеңесші Роман Александрович Петушков жұмысқа тартылды.
Сонымен қатар, команда пара биатлонға арналған винтовкалармен, жаттығу және жарысқа арналған спорттық экипировкамен толық қамтамасыз етілді.
Ербол Хамитовтың тарихи жеңісі қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы табысты өнерін жалғастырды. Осылайша, Олимпиадада Михаил Шайдоров бастаған жеңісті жол Паралимпиадада Ербол Хамитовтың жеңісімен жалғасты.