Жаңалықтар

Биыл 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді

Биыл 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларына қатысты жұмыс тәсілдерін жетілдіруде. Атап айтқанда, аналитикалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы «жазалаушы» постфакторлық әдістен профилактикалық әдіске көшу жүзеге асырылды. Сонымен қатар қ олданыстағы заңнамаға қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қаржы пирамидаларының қызметін жарнамалайтын сайттарды бұғаттаудың тетігі әзірленді. «Қабылданған шаралардың арқасында 3 мыңнан астам осындай сайттар бұғаттауға жіберілді. Биыл барлығы 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 33 қылмыстық іс тіркелген», - деп жазды ведомстводан. Сот 7 қылмыстық істі қарады, олар бойынша 11 адам сотталды, оның ішінде 1-еуі шет мемлекеттің (Украина) азаматы. «Барлық тұлғаларға нақты мерзімге – 3 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте 7 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚМА азаматтарды аса сақ болуға және оларды қаржылық пирамидаларға тартатын алаяқтардың айла-амалына түспеуге шақырады», - делінген хабарламада.