Жаңалықтар

Қорқақтығына байланысты әскерге бармаса болады деген жоқ – Қорғаныс министрлігі

Қорқақтығына байланысты әскерге бармаса болады деген жоқ – Қорғаныс министрлігі

«ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп айтылған. Яғни отбасылық жағдайға, қорқақтығына байланысты бармай-ақ қойса болады деген сөз жоқ. Әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін ұғу керек. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоқтығынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық», - делінген ресми хабарламада. Министрліктің мәліметінше, әскерге барып, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. «Әскерге барудан қорқып жүргендерге айтарымыз – қазір барлық Қарулы күштерде құқық бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қолданылуда. Барлық құрылымдар бір шақырылымның әскери қызметшілерінен жинақталады. Әлімжеттік барлық жерде жойылған десек те болады. Барлық казармалар әскери бөлім бойынша кезекшіге шығарылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді», - дейді аталған ведомстводан. Сондай-ақ ресми ақпаратта әскерде болған келеңсіз жайттар туралы анонимді түрде хабарлауға болатыны айтылған. «Сарбаздарға бас және өңірлік әскери қолбасшылары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңырау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ анонимді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жойылады», - деп толықтырды министрліктен. Сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі агенттік тілшісіне мерзімді әскери қызметші Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу туралы айтты.