Air Astana жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 9 млн теңге айыппұл төледі

0 8

Азаматтық авиация комитеті «Эйр Астана» компаниялар тобының үстінен қандай мәселе бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлім етті.

«Қазіргі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп рейстердің көптеген кідірістері мен жолаушылардың шағымдарына байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу барысында 5 маусымда «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» әуе тасымалдаушысының Алматы-Шымкент бағыты бойынша «КС – 7105» рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені белгілі болды. Ол рейс жолаушыларына ұшақтың көтерілуін күткен уақытта «ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үй ұсынылмаған», – деп жазылған ресми мәліметте.

Осы оқиғаға байланысты 28 шілдеде әуе компаниясының үстінен Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама жасалған.

«Осы хаттама бойынша әуе компаниясына 1 000 АЕК (3 180 000 теңге – ред.) мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған дейін «Эйр Астана» компаниялар тобы 7 және 21 шілдеде 1 000 АЕК (3 180 000 теңге – ред) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Жалпы алғанда, биыл «Эйр Астана» компаниялар тобы рейс кешіктірілген кезде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жазылған комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Комитеттің дерегі бойынша, рейстердің кешігуіне және жолаушылар құқығының бұзылуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. «Құқық бұзу фактілері анықталған жағдайда тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілікке тартылады», – деп жазылған мәліметте.

Бұған дейін бірнеше рет «Эйр Астана» әуе компаниясына рейсін кешіктіргені үшін айыппұл салынғанын жазған едік.

Дереккөз: Қазақпарат сайтынан 

Leave A Reply

Your email address will not be published.