Танымал әнші Ақбота Керімбекова мемлекеттік марапатқа ие болғанын айтып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Президент жарлығымен оған «Парасат» ордені табысталған. Марапатты ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырған.
Әнші бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, өнер жолындағы 30 жылға жуық уақыт ішінде бірде-бір мемлекеттік награда алмағанын жасырмады.
«Өнерде жүрген 30 жылға жуық уақытымда бір де бір мемлекеттік награда алмағаным көп адамды таңқалдыратын. Оған ең әуелі өзімнің ынтамның, одан соң талпынысымның болмағаны себеп еді. Ешқашан атақ алу үшін еңбек еткен емеспін. Бірақ халықтың ықыласы өнер адамын мерей-мертебесіз қалдырмайды екен», – деп жазды әнші.
Сонымен қатар, Ақбота Керімбекова бұл марапатты өз тыңдармандарының құрметі деп қабылдайтынын жеткізді. Ол шығармашылық жолында қолдау білдірген ұстаздарына, әріптестеріне, ата-анасына және өнер жанашырларына алғыс айтты.
Әнші сондай-ақ алдағы уақытта да халықпен кездесулерін жалғастыратынын мәлімдеді. Оның сөзінше, министрліктің қолдауымен және Қазақконцерт бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық әуені» шығармашылық керуені аясында енді Маңғыстау өңіріне сапар жоспарланған.