Қазақстандық әнші Сәкен Қалымов жеке өміріне қатысты ауыр шындықты ашып, көпшілікті ойландыратын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі өткен өміріне көз жүгіртіп, ең үлкен өкініші – отбасының қадірін дер кезінде түсінбегені екенін ашық айтты. Оның сөзінше, жастық шақтағы орта мен өмір салты оны қателіктерге жетелеген.
«Қолымыздан стакан түспеген кездер болды. Сол уақыттың “заңы” солай еді. Өнер, концерт, орта — бәрі әсер етті. Бірақ соның бәрі отбасымнан алыстатты», — дейді әнші.
Сәкен Қалымов ең ауыр соққы – отбасынан айырылу болғанын жасырмады. Ол бұрынғы жары мен баласына қатысты шешімдеріне бүгін қатты өкінетінін айтты. Әсіресе, ұлымен байланыс үзілуі жүрегіне ауыр тиетінін жеткізді.
«Ұлыммен қазір мүлдем араласпаймыз. Бірақ мен ешкімді кінәламаймын. Кінә – менде. Бір күні жолығып, кешірім сұрағым келеді», — деді ол.
Сонымен қатар, әнші бүгінде өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгергенін атап өтті. Қазір ол дінге бет бұрып, өткенін сынақ ретінде қабылдайтынын айтты.
«Қателікті мойындау – әлсіздік емес, керісінше күш. Бұрын бәріне сылтау табуға болатын еді. Бірақ шындық біреу — мен қателестім», — деп ағынан жарылды өнер иесі.
Айта кетейік, әншінің бірінші некесінен ұлы, екінші некесінен қызы бар. Қызымен араласып тұрғанымен, ұлымен қайта қауышу – оның ең үлкен арманы.
Бұл сұхбат желіде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан түрлі пікір тудырды. Бірі оны қолдаса, енді бірі өткен қателіктердің салдары ауыр болатынын айтуда.