Танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева көпшілік біле бермейтін өміріндегі құпия кезең туралы алғаш рет ашық айтты. Өнер иесі 2000 жылдары хиджаб киіп жүргенін және кейін оны шешуге не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, бұл тақырыпты ол бұған дейін ешбір сұхбатында қозғамаған.
«Мен бұл туралы ешқандай сұхбатта айтқан емеспін. Ол 2000-2001 жылдары болған нәрсе. Мен орамалды өте қатты жақсы көремін. Мені жалпы қазаққа танытқан, ұлтыма танытқан, алақанына аялатқан — менің басымдағы орамалым. “Ұят болмасын” бағдарламасында келін Айгүл болып танылдым. Халықтың батасын алдым, ықыласына бөлендім», — деді әнші.
Айгүл Иманбаеваның сөзінше, орамал тағу оған рухани әрі ішкі тыныштық сыйлаған.
«Мен орамал тақсам, басым рахаттанады. Оны да жақсы білемін. Бірақ адам өзін танып барып, Ислам дініне деген үлкен махаббатпен, құрметпен терең сезініп барып тағуы керек. Махаббатпен тағылған орамалдың қадірі бөлек болады. Ал менікі олай болмады», — дейді ол.
Өнер иесі сол кезеңде Қазақстанға түрлі діни ағымдардың көптеп келе бастағанын айтып, өзінің де сондай орталардың біріне тап болғанын жасырмады.
«2000-2001 жылдары орамал тақпақ түгілі, ол кезде қазекеңнің 100 грамнан қолы тимей жатқан кезі болатын. Діни ағымның түр-түрі Қазақстанға лек-легімен кіріп жатқан уақыт еді. Мен сондай уақытта келдім. Бір ағыммен кірдім. Кейін оның топ екенін, ағым екенін түсіндім. Біраз ұстаздарымыздың ықпалымен мен ол ортадан шықтым», — деді әнші.
Сондай-ақ ол адамның Жаратушымен байланысы тек сыртқы киіммен өлшенбейтінін түсінгенін жеткізді.
«Мен сол кезде ойладым: “Мен өзімнің Жаратушымды тануым үшін дәл солай тұмшалануым қажет пе?” деп. Сол кезде көп нәрсеге көзім ашылды», — деп бөлісті Айгүл Иманбаева.