Қазақстандық танымал әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде марқұм анасына арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі анасының өмірден өткеніне алты жыл толғанын айтып, оған арналған әнді ұзақ уақыт орындай алмағанын жеткізді. Оның айтуынша, ән шырқалған сайын жүрегі елжіреп, көз жасына ерік беретін болған.
«Тірі күніңізде арнайы жаздырған осы әнді, сіз кеткен соң ұзақ уақыт орындай алмадым. Ән басталса болды, жүрек бірге жылап кететін… Көпшіліктің сұрауымен қайта айттым. Бірақ сахнада тұрып, еріксіз бір ой келеді: “Шіркін-ай, дәл осы концертте анам отырғанда ғой…”», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол анаға деген сағыныштың уақыт өткен сайын азаймайтынын атап өтті.
«Қанша жасқа келсең де, ана мейіріміне деген сағыныш ешқашан таусылмайды екен. Өз отбасың, өз ошағың болса да, бір бұрышта ананың алақаны жетпей тұрады», – деді өнер иесі.
Жазба соңында әнші анасының рухына тағзым етіп, оның қолдауы мен қамқорлығын әлі де жүрегімен сезінетінін айтты. «Жаныңыз жәннатта болсын, аяулы анам. Қызыңыз сізге деген сағынышын әлі күнге дейін әнмен жеткізіп жүр», – деп түйіндеді ол.