Контентке өту

Аңқау елге арамза молда: Рүстем Омаров жалған ұтыстардың құпиясын ашты

Аңқау елге арамза молда: Рүстем Омаров жалған ұтыстардың құпиясын ашты
ашық дерек

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде көбейген «көлік ұтысы» сынды жалған акциялар қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Осы мәселеге назар аударған танымал актер Рүстем Омаров алаяқтардың жасырын схемасын әшкерелеп, халықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Актер арнайы видео түсіріп, интернетте кең таралған жалған автокөлік ұтыстарының қалай ұйымдастырылатынын нақты мысал арқылы көрсеткен. Оның айтуынша, мұндай «ұтыстардың» артында қарапайым халықтың сенімін пайдаланып отырған алаяқтық жүйе жатыр.

«Ғаламторда қаптап кеткен жалған автокөлік ұтыстары адамдардың аңғалдығын пайдаланып, қалтасын қағып жатыр. Мен әдейі осындай видеоны ұйымдастырып, схеманың ішкі жұмысын көрсеттім. Көрермендер мұндай уәделерге алданбас үшін бәрін ашық түсіндіруді жөн көрдім», – дейді актер.

Рүстем Омаровтың сөзінше, алаяқтар ең алдымен адамдардың сеніміне кіріп, түрлі «шарттарға» көндіреді. Кейін сол арқылы қаржы жинап, ізін суытып кетеді. Әсіресе, жеңіл ақшаға қызыққан немесе «тегін көлік» ұтып алғысы келген азаматтар мұндай қақпанға жиі түседі.

Желі қолданушылары актердің бұл бастамасын жоғары бағалап жатыр. Көпшілік оның әрекетін қоғам үшін маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам деп есептейді. Пікір қалдырушылардың айтуынша, осындай ақпараттық роликтер халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, алаяқтардың жолын кесуге сеп болады.

Қазіргі таңда интернет алаяқтары түрлі тәсілдерді қолданып, өз құрбандарын табуды жалғастыруда. Сондықтан мамандар күмәнді ұтыстар мен «оңай табыс» уәделеріне сенбеуге және кез келген ақпаратты тексеріп отыруға кеңес береді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты