Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында 15 наурызға белгіленген республикалық референдумды әзірлеу және өткізу мәселелері бойынша облыстық семинар-кеңес өтті. Шараны Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жиын барысында референдум комиссияларының мүшелеріне саяси науқанның құқықтық негіздері, дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және заңнамалық талаптарды сақтау бойынша нақты нұсқаулықтар берілді. Мамандар референдумға дайындық кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды!» деген ұранмен өткен бұл басқосу аймақтың маңызды саяси оқиғаға толық дайын екенін көрсетті. Семинарға қатысқан жүздеген маман алдағы науқанның әділ және жоғары деңгейде өтуіне жауапты болмақ.