4 сәуірде Астана қаласында жылу желілерін тексеру мақсатында арнайы органикалық бояғыш – натрий флуоресцеині (уранин А) қолданылады. Бұл туралы Астана-Теплотранзит АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кәсіпорынның хабарлауынша, аталған бояғыш жылу жүйелеріндегі жасырын ақауларды анықтау үшін енгізіледі. Атап айтқанда, құбырлардағы жарықтар, су жылытқыштар мен тұтынушылар желісіндегі саңылаулар арқылы судың ысырап болуын анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, уранин А – ағза үшін қауіпсіз органикалық бояғыш. Ол жылумен жабдықтау жүйесінде индикатор ретінде қолдануға рұқсат етілген және су сапасына ешқандай кері әсер етпейді.
Алайда тексеру барысында кейбір тұрғындардың кранынан аққан ыстық су жасыл түске боялуы мүмкін. Бұл – жүйеде ақау бар екенін білдіреді, нақтырақ айтқанда, су жылытқыштың зақымданғанын көрсетеді.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды мұқият болуға шақырады. Егер үйдегі ыстық су жасыл түске боялса, дереу келесі қызметтерге хабарласу қажет:
ikomek 109 бірыңғай байланыс орталығы;
«Астана-Теплотранзит» АҚ жедел диспетчерлік қызметі: 77 12 00, 77 12 11 (тәулік бойы);
Баптау қызметінің диспетчерлері:
Есіл, Нұра аудандары: 79 88 96
Сарыарқа, Байқоңыр аудандары: 39 69 11
Алматы, Сарайшық аудандары: 77 12 92
Қала тұрғындарына алаңдамауға кеңес беріледі — бұл тек жоспарлы тексеру жұмыстарының бір бөлігі.