«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында партия Төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының басшыларымен, мемлекеттік органдардың және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында саланы дамыту, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу, шикізатты терең өңдеу, инженерлік кадрлар даярлау сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуді ашқан Айбек Дәдебай Қазақстанның минералды шикізат қоры аса бай екенін атап өтті.
Саланың әлеуеті ең алдымен ел экономикасын дамыту жолында қызмет етуге тиіс. «Бұл – тек экономикалық мәселе ғана емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы Президенттің терең өңдеу саласын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған стратегиялық бағдарын толық қолдайды», – деді партия Төрағасы.
Оның айтуынша, табиғи ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Мемлекет шикізатты экспорттап, сол шикізаттан өндірілген дайын өнімді сатып алып отырған кезде негізгі табыс, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Сондықтан шикізатты терең өңдеу ісін дамыту қадамы өнеркәсіп саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналуға тиіс.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның мәліметінше, өткен жылғы қорытынды бойынша тау-кен металлургия кешені мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің шамамен 8%-ын қамтамасыз етті. Өндірілген өнім көлемі 14 трлн теңгеден асып, экспорт көлемі 21,4 млрд АҚШ долларын құрады. «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, бүгінде тау-кен металлургия кешені мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.
«Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Абсаметов.
Талқылау барысында сала өкілдері бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец теміржол тасымалы сала үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, транзиттік тасымалдан түсетін кірістерді бөлудің неғұрлым теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы одан әрі дамыту мәселесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті. «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.
Қатысушылар кәсіпорындарды жаңғырту, инвестиция тарту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Кездесуге қатысушылар табиғи ресурстар жаңа өндірістерді іске қосуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болуға тиіс екенін атап өтті.
«Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин кәсіпорында жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жұмысы туралы айтып, қауіпсіздікке, еңбек жағдайына және кәсіби кадрларға инвестиция салмайынша өндірісті дамыту мүмкін емес екенін жеткізді.
«Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек», – деді Вадим Басин.
Кездесуді қорытындылай келе Айбек Дәдебай бүгінде саланы дамыту мәселесін талқылап қана қоймай, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Ол Іскерлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасын әзірлейтінін мәлімдеді. Оның негізіне бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары енгізіледі.
«Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Кездесу соңында «Әділет» партиясының жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.