ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова жұмыс сапарымен Байзақ ауданына келді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жұмыс сапары аясында министр алдымен Мырзатай ауылдық клубында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова жүргізді.
Кездесу барысында Ақмарал Әлназарова елімізде денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министр алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет көрсету сапасын көтеру, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарының маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халық денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу шараларын күшейту, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және саланың кадрлық әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Кездесу барысында тұрғындар дәрігер мамандарының тапшылығы, тар бейінді мамандарға қолжетімділік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулердің сапасы және медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелерін көтерді. Министр тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін Ақмарал Әлназарова азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында әрбір мәселе жеке қаралып, заңнама аясында шешу жолдары түсіндірілді.
Жұмыс сапарының соңында Денсаулық сақтау министрі Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысты. Медициналық мекеменің бөлімшелерін аралап, материалдық-техникалық базасын, цифрландыру деңгейін және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бағалады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерімен пікір алмасып, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру бағытындағы алдағы міндеттерді талқылады.