Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, өрттен кейінгі ахуалды тексерді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі уақытта өрт ошағының аумағы айтарлықтай қысқарып, жағдай тұрақты бақылауға алынған. Полигонда бықсыған учаскелерді толық сөндіру, оларды топырақпен жабу және қайта тұтанудың алдын алу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Облыс әкімі нысанды аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады. Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, полигон аумағындағы бықсыған ошақтарды толық жою жұмыстарын соңына дейін жеткізу, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және ауа сапасына жүйелі мониторинг жүргізу міндеттелді.
Сондай-ақ облыс әкімі өрттің шығу себептеріне жан-жақты талдау жасап, қалдықтарды орналастыру және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын зерделеуді тапсырды. Бұдан бөлек, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін кешенді алдын алу шараларын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Ербол Қарашөкеев полигонның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жүктеп, бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Қазіргі таңда тиісті қызметтер өрт салдарын толық жою және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстарын жалғастыруда.