Танымал әнші Айгүл Иманбаева ата-анасына кезінде көп ауыр сөз айтып, ренжіткенін еске алып, елді толқытқан әсерлі әңгімесімен бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесінің айтуынша, жастықтың амбициясымен жүріп, ата-ананың қадірін кеш түсінген.
«Балалықпен анамды көп ренжіттім. Әке болсын, шеше болсын, өмірдің әртүрлі кезеңдерінде талай ренжіттік қой. Талай ауыр сөздер айттық. Сол кезде бірдеңе тындырдым деп ойлайсың», – деді әнші.
Сондай-ақ ол анасына қарсы сөйлеген кездерін еске алып, бүгінде соған қатты өкінетінін жеткізді.
«Өскенге дейін обидам көп болды. Анашыммен тіліп сөйлеген кездерім де болды. Қазір ойласам, ғұмырын қысқарта берген екенмін ғой, денсаулығын нашарлата бергенмін», – деп ағынан жарылды Айгүл Иманбаева.
Әнші бүгінде анасының денсаулығы сыр беріп қалғанын айтып, соның өзінде қызы үшін барын салып жүретінін тебіреніспен баяндады.
«Қазір құлағы дұрыс естімейді, әрең жүреді. Бірақ соның өзінде мен Астанадан келсем, “балам сағынды ғой” деп таңғы 6-да тұрып алып, жұмысқа кетеді деп тәтті тамағын дайындап жүреді. Өзі әрең жүрсе де, баладай жанталасады», – деді ол.
Өнер иесі ата-ананың қадірін кеш түсінгенін айтып, бұл өкініш жүрегіне бататынын жасырмады.
«Сол ақыл кішкене ертерек кірсе ғой деймін… Мүмкін біреулердің ата-анасымен ертегідей қарым-қатынасы болған шығар. Бірақ менде олай болмады», – деп түйіндеді әнші.