Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери қалашықтағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллеяда өткен ағаш ағаш егу акциясына қатысты. Жалпы мамыр айының соңына дейін гарнизонда 500 түп ағаш егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
– Көгалдандыру – тек аумақты абаттандыру ғана емес. Бұл – адамдардың денсаулығына және экологиялық қауіпсіздікке қосылған үлес. Әскери қызметшілер мен мектеп оқушыларының бірлескен акциялары жас ұрпақтың жауапкершілік сезімін нығайтып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырады, – деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Қорғаныс министрінің орынбасары жұмыс сапары барысында гарнизондағы әлеуметтік нысандардың жағдайымен де танысты. Ол мектеп, балабақша, госпиталь, гарнизондық кітапхана және Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың филиалын аралады.
Балалардың білім алуы мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Бауыржан Момышұлы атындағы № 43 орта мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде генерал-майор Асқар Мұстабеков материалдық-техникалық базаның жағдайын, тамақтандыру мен жылумен қамтамасыз етуді, сондай-ақ кадрлармен қамтылуын бағалады. Әскери қалашықта жалпы сыйымдылығы шамамен 500 орын болатын үш балабақша жұмыс істейді.
– Балалардың бойында жас күнінен бастап жауапкершілік сезімін, әскери қызметке деген құрмет пен Отан қорғауға әзірлікті қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта алғашқы әскери дайындық сабақтарының және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет, – деп атап өтті ол.
Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді.