Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестер бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, оларды нақты шешімге жеткізу бағытында жұмыс істеп келеді. Жыл басынан бері кеңестердің отырыстарында 76 мәселе қаралып, оның 88 пайызы бойынша жұмыс аяқталған.
Салалық кеңестердің практикалық жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, техникалық реттеу, сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп пен туризм салаларындағы мәселелер бар.
Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлік және қылмыстық-атқару жүйесімен ынтымақтастық бағытында Палата мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасында келісім жасалған. Нәтижесінде Жамбыл жиһаз фабрикасына 12 сотталған адам жұмысқа орналасып, қысқа мерзімді оқудан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды. Өңірде жүзеге асқан бұл тәжірибе республикалық деңгейде де қолдау тауып, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті кәсіпкерлер, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері және «Еңбек» РМК арасындағы типтік келісім әзірлеген.
Техникалық реттеу және стандарттау саласында да бірқатар жұмыс атқарылды. Палата кәсіпкерлердің «ҚазСтандарт» РМК өкілдерімен, оның ішінде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырды. Нәтижесінде Палата, университет және «ҚазСтандарт» арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Бұл кәсіпкерлерге техникалық реттеу, стандарттау және мамандар даярлау мәселелері бойынша жүйелі қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Сауда саласында да бизнес өкілдерінің ұсыныстары ескерілуде. Сауда кеңесінің ықпалымен Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Кәсіпкерлер палатасы және сауда желілері арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік меморандум жасалды. Кейін «НаурызFest» акциясы ұйымдастырылып, отандық өнімдерді сауда сөрелеріне орналастыруға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Көлік және логистика саласында әлеуметтік тасымалдарға қатысты мәселелер тұрақты түрде қаралады. Атап айтқанда, тарифтерді есептеу әдістемесін жетілдіру, тасымалдаушылардың шығындарын өтеу және автобус паркін жаңарту мәселелері көтерілді. Олардың бір бөлігі республикалық деңгейге шығарылды.
Сонымен бірге Палата өңірдің көлік компанияларының 2026-2028 жылдарға арналған техникаға қажеттілігі туралы ақпарат жинап, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шоғырландырылған ұсыныс жолдады. Сала кәсіпкерлерінің халықаралық байланысын кеңейту мақсатында Германия және Корея өкілдерімен бизнес-форумдарға қатысу мүмкіндіктері де қарастырылды.
Өнеркәсіп саласында жаңа макарон өнімдерін өндіретін цехты газдандыру мәселесі шешімін тапты.
Туризм бағытында Палата Туризм және спорт министрлігіне және «Kazakh Tourism» АҚ-ға «Сапа белгісі» бағдарламасын дамыту бойынша ұсыныстар жолдады. Ұсыныстар қатарында бағдарламаға қатысушылар үшін қызмет түрлерінің тізімін кеңейту, ықтимал преференциялар енгізу және туристік қызметтердің сапасы бойынша ашық рейтинг қалыптастыру мәселелері бар.
Сонымен бірге шешімін күткен жүйелі мәселелер де жоқ емес. Қазіргі таңда Палатаның бақылауында 9 мәселе тұр.
Олардың бірі – инвестициялық жобалардың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі. Жаңа өндірістерді электр, газ және су желілеріне, сондай-ақ «Тараз» және «Талас» индустриялық аймақтарының инфрақұрылымына қосу мәселесі қарастырылуда.
Ауыл шаруашылығы саласында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері сатып алған техниканы субсидиялау мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты субсидиялау қағидаларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-ға жолданған.
Әлеуметтік тасымалдар, туризм саласын қаржыландыру және өңірдің туристік өнімдерін дамыту мәселелері де бақылауда.
Алдағы кезеңде Палата жұмысының негізгі басымдықтары қатарында бизнестің мәселелерін нақты шешуге бағытталған жұмысты күшейту, инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділікті арттыру, стандарттау және сапаны көтеру, сондай-ақ сыртқы нарықтарға шығуға жағдай жасау бар.
Кәсіпкерлер палатасы Германия, Корея, Үндістан, Литва, Өзбекстан және басқа да нарықтармен іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Салалық кеңестердің жұмысы кәсіпкерлердің жеке мәселелерін ортақ талқылау алаңына шығарып қана қоймай, оларды жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Палата бизнес өкілдерін өзекті мәселелерді көтеруге, ұсыныстарын білдіруге және салалық кеңестердің жұмысына белсенді қатысуға шақырады.