Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігі тек мектеп ғимараттарының жағдайымен өлшенбейді. Оқушылардың күнделікті тұтынатын тағамы, мектеп формасы мен рюкзагының сапасы да санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың маңызды бағыттарының бірі.
Оқу жылына дайындық барысында Жамбыл облысында балалар киімдерінің сапасына қатысты зертханалық бақылау жүргізілді. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде 61 үлгі іріктеліп, сараптамаға жіберілді. Оның ішінде 24 мектеп формасы мен 8 мектеп рюкзагы болды.
Зерттеу нәтижесінде 26 үлгінің таңбалану талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Оның ішінде 15 мектеп формасы мен 4 мектеп рюкзагы бар. Анықталған сәйкессіздіктер бойынша өнімдерді кері қайтарып алу жөнінде Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің жедел ден қою шаралары қабылданды.
Балалардың денсаулығын қорғауда мектептегі тамақтану сапасының да маңызы зор. 2025 жылдан бастап облыс мектептерінде жаңа Тамақтану стандарты және мектепте тамақтандырудың үлгілік перспективалық мәзірі енгізілді.
Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – оқушылардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қалыптастыру. Осыған байланысты ас мәзіріндегі тұз, қант және май мөлшерін азайтуға, көкөністер мен жемістерді көбірек ұсынуға басымдық берілген.
Сонымен бірге ет өнімдерінің ассортименті кеңейтіліп, мәзірге жылқы еті енгізілді. Балалар тағамынан табиғи емес өнімдер мен құрамында тұз және қант мөлшері жоғары кейбір өнімдер алынып тасталды.
Мұндай тәсіл балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырумен қатар, артық салмақ, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары секілді жұқпалы емес аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған.
Жамбыл облысында мектептегі тамақтандырудың перспективалық мәзірін Денсаулық сақтау басқармасы бекітеді. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары білім беру ұйымдары мен тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Алдын алу жұмыстары да кең көлемде ұйымдастырылуда. 2026 жылдың өткен кезеңінде білім басқармасының аудандық бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдарға 121 ақпарат дайындалып, 46 семинар өткізілген. Бұған қоса бұқаралық ақпарат құралдарында 36 мақала жарияланып, радиотораптарда 9 сөз сөйлеу ұйымдастырылған.
Мамандар 3347 түсіндіру әңгімесін өткізіп, 522 дәріс оқыды. Әлеуметтік желілерде 466 жарияланым орналастырылып, 11 дөңгелек үстел, 3 акция және 53 Ашық есік күні өткізілді.
Бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – балалардың денсаулығын қорғауға және білім алатын ортада қауіпсіздік талаптарының сақталуына бағытталған.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауы оқу жылы басталғаннан кейін де жалғасады. Өйткені бала денсаулығы мен қауіпсіздігі – мектептің ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымы және мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі.