Контентке өту

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен халықаралық қаржы институты арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Президент ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасының дамуына қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалап, көпжылдық серіктестік үшін банк басшылығына алғыс білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан банк үшін негізгі серіктес мемлекеттердің бірі болып саналады және бұл өзара ықпалдастық еліміздің ұзақмерзімді даму саясатына толық сәйкес келеді.

Кездесу барысында соңғы отыз жыл ішінде ЕҚДБ Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан астам инвестиция салғаны атап өтілді. Соның нәтижесінде Қазақстан банк қызметінің өңірдегі басты бағыттарының біріне айналды. Қазіргі уақытта қаржы институты жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.

Президент Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында Серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылғанын құптап, бұл құжат еліміздің орнықты экономикалық дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан экономиканы әртараптандыруға, оның бәсекеге қабілеттілігі мен технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал мен жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаларға жоғары баға берді.

Оның айтуынша, Қазақстан ЕҚДБ үшін ең маңызды серіктес елдердің бірі болып қала береді. Биыл банк тарапынан инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. Қазірдің өзінде жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылған. Ал дайындалып жатқан жобаларды ескергенде, жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 миллиард еуроға жетуі мүмкін. Бұл ЕҚДБ-ның Қазақстандағы қызметі тарихындағы ең жоғары жылдық инвестициялық көрсеткіш болмақ.

Кездесу барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы инфрақұрылым, көлік-логистика, ирригация және энергетика салаларындағы жобаларды іске асыруға алдағы уақытта да белсенді қатысуға дайын екені айтылды.

Сонымен қатар банк жеке секторды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ерекше назар аудармақ. Басым бағыттардың бірі ретінде аса маңызды шикізат материалдары саласына инвестиция тарту мәселесі де сөз болды.

Тараптар цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне де ерекше мән берді. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына қолдау көрсетіп, инновациялық экожүйелерді дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларға қатысуға дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, инвестициялық жобаларды кеңейту және экономиканың басым секторларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілік білдірілді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты