«Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, солардың ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар.
Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс.
Осы орайда саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді.
Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылды.
Сайлаушылар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалды.
Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасуда».
Мемлекет басшысы: «Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді»