Белгілі актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерей журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында анасына деген сағынышын айтып, көпшілікті тебірентті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сұхбат барысында өнер иесі бүгінде өмірінде бәрі бар екенін — халықтың ықыласы, тұрақты жұмысы, өсіп келе жатқан балалары барын айтты. Алайда соның ешқайсысы анасының орнын толтыра алмайтынын жеткізіп, көзіне жас алды.
«Қазір шүкір, барлығы бар. Ел таниды, жұмыс бар, бала-шаға өсіп жатыр. Бірақ соның бәрі анаңның орнын толтыра алмайды. Менде бәрі бар, тек анам жоқ», – деді Қайрат Әділгерей.
Әзілкеш анасының ақылы мен мейірімін қатты сағынатынын жасырмады. Оның айтуынша, кей сәттерде анасымен сөйлескісі келіп кетеді.
«Адам қанша жерден мықты болса да, анасының орнын ештеңе алмастыра алмайды», – деді ол.
Сұхбаттың бұл тұсы әлеуметтік желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көпшілік актердің шынайылығына риза болып, пікірлерде қолдау білдірді.
Желіде «Анасыз өмір қиын», «Өте әсерлі айтты», «Қандай мықты адам болса да, анасына келгенде балалық сезімі оянады» деген пікірлер көптеп жазылған.
Оқырмандар Қайрат Әділгерейдің ішкі жан дүниесін ашық көрсетіп, сезімін жасырмай бөліскенін жоғары бағалады.