Ербол Мәндібек актер әрі шоумен Қайрат Әділгерей туралы жасаған мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Журналистің айтуынша, өнер иесі қазіргі уақытта шамамен 60 миллион теңге көлеміндегі несиені төлеп жүр. Оның сөзінше, былтыр актер түскен фильм жоғары табыс әкелгенімен, жиналған қаражаттың негізгі бөлігі түсірілім шығындарына, жарнама мен ұйымдастыру жұмыстарына жұмсалған. Соның салдарынан актердің өзіне қомақты пайда қалмаған.
Осыған байланысты Ербол Мәндібек көпшілікке үндеу жасап, жақын арада прокатқа шығатын Хотя бы кинода-4 фильміне қолдау көрсетуге шақырды. Оның пікірінше, көрермендердің кинотеатрға барып, отандық фильмді көруі қазақ киносына да, актерге де қолдау болмақ.
Алайда бұл үндеу қоғамда түрлі пікір тудырды. Бірі отандық кино индустриясын қолдау қажет екенін айтса, енді бірі танымал тұлғаның жеке қаржылық мәселесін халыққа жария түрде жеткізу дұрыс емес деп есептейді.
Сын айтушылардың сөзінше, ел ішінде несие төлеп жүрген қарапайым азаматтар да аз емес. Олардың бірі баспана үшін, енді бірі ем-домға немесе білім алуға байланысты қарызға батқанын алға тартуда.