Қазақ халқының азаттық жолындағы күресінде есімі алтын әріппен жазылған тұлғалардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Биыл Желтоқсан көтерілісінің қаһарманының дүниеге келгеніне 60 жыл толып отыр. Оның қысқа ғұмыры мен қайсарлығы тәуелсіздік тарихындағы ұмытылмас тағдырлардың біріне айналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылғы 13 наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Еңбекқор отбасында тәрбиеленген ол бала кезінен алғырлығымен, белсенділігімен көзге түсіп, спортқа да қызығушылық танытқан. Әскердегі борышын өтегеннен кейін білім алуды мақсат етіп, Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі.
Алайда оның студенттік шағы Қазақстан тарихындағы тағдырлы кезеңмен тұспа-тұс келді. 1986 жылғы желтоқсанда республика басшылығына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Алматыдағы орталық алаңға жиналған жастар ел тағдырына қатысты өз пікірін білдіріп, әділдік талап етті. Бейбіт басталған шеру күшпен таратылып, көптеген жас қудалауға ұшырады.
Сол күндері алаңға шыққандардың қатарында Қайрат Рысқұлбеков те болды. Кейін оған милиция қызметкері Сергей Савицкийдің өліміне қатысты айып тағылып, 1987 жылы ату жазасына кесілді. Кейін бұл үкім 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
1988 жылғы 21 мамырда Қайрат Рысқұлбеков Семейдегі түзету мекемесінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. Оның өліміне қатысты ресми нұсқаға күмән келтірген пікірлер де айтылып, оқиға көп сұрақты жауапсыз қалдырды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан оқиғасына тарихи тұрғыдан қайта баға беріліп, Қайраттың ісі қайта қаралды. 1992 жылы ол толық ақталды. Ал 1996 жылы қайтыс болғаннан кейін оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бүгінде Қайрат Рысқұлбековтің есімі – әділетсіздікке қарсы тұрған қайсарлықтың, ұлттық намыс пен азаттыққа деген ұмтылыстың белгісі. Оның тағдыры Желтоқсан оқиғасының ауыр сабақтарын еске салып, тәуелсіздіктің қадірін ұғындырады.
Қайраттың ерлігі – тарих бетінде қалған оқиға ғана емес, азат елдің жас ұрпағына аманат болған рухани мұра.