Қала тазалығы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Көшелердің таза болуы, саябақтардың күтімі, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылуы және жасыл желектердің күтіп-бапталуы – шаһардың санитарлық жағдайын айқындайтын негізгі факторлар. Бұл бағыттағы жұмыстар Таразда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аталған мәселелер пайдаланушы ұсынған материалда кеңінен қамтылған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент бастамасымен қолға алынған Таза Қазақстан акциясы қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Тараз қаласын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын Жасыл Ел-Тараз жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Кәсіпорын 1998 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2025 жылдан бастап мекемеге Ғалымжан Қайназаров жетекшілік етеді.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, соңғы уақытта жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Қызметкерлерге берілетін ыстық тамақтың сапасы арттырылып, арнайы киімдер мен қажетті құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар еңбеккерлердің жалақысы екі есеге өсіп, 206 мың теңгеге дейін жеткізілген.
Коммуналдық қызмет мамандарының жұмыс күні таңғы сағат 5:00-де басталады. Олар қала тұрғындары оянғанға дейін көшелерді тазалап, қоқыстарды жинап, қоғамдық орындарды ретке келтіреді. Жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы Жұмабек Сағындықов 2010 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді.
– Бір күн жұмыс жүргізілмесе, қаланың санитарлық жағдайы бірден өзгереді. Сондықтан тазалық жұмыстары күн сайын үздіксіз атқарылады, – дейді ол.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстары да тұрақты бақылауда. Бұл бағытта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жүргізушілер Салидин Құрманқұлов пен Ержан Құдайбергенов қоқыстың уақытылы шығарылуы қала тазалығының негізгі шарты екенін айтады.
Көгалдандыру және суару жұмыстары да маңызды бағыттардың бірі. Аға гидротехник Мағауия Утельбаев ирригациялық жүйелердің жұмысын қадағалап, саябақтар мен гүлзарларды суару жұмыстарын үйлестіреді. Ал көгалдандыру учаскесінің меңгерушісі Гүлнара Оразалина 20 жылдан бері гүл егу және жасыл аймақтарды күтіп-баптау ісімен айналысып келеді.
Мамандардың айтуынша, қала тазалығы тек коммуналдық қызметтің жұмысына ғана байланысты емес. Қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқысты арнайы орындарға тастау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі.
Таразда санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары күн сайын жалғасуда. Қала тазалығы үшін еңбек етіп жүрген мамандардың табанды жұмысы мен тұрғындардың жауапкершілігі шаһардың көркеюіне және қолайлы өмір сүру ортасының қалыптасуына негіз болып отыр.