Қазақстанда мерекелік күндер кестесіне өзгеріс енгізіліп, биыл азаматтар бір күнге аз демалатын болды. Енді 30 тамыз - бұрынғы Конституция күні - демалыс күні болып есептелмейді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ресми түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, Конституция күні енді жаңа датада атап өтіледі.
Жаңа өзгеріске сәйкес, Қазақстанда Конституция күні 15 наурызға ауыстырылған. Осылайша, бұрын жаз мезгілінде тойланатын мереке енді көктемде атап өтілетін болады.
Аталған өзгеріс демалыс күндерінің жалпы санына да әсер етті. Соның нәтижесінде қазақстандықтар биыл бір күнге аз демалатын болды.
Қазіргі таңда бұл жаңашылдық қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кейбір азаматтар жаңа датаны қолдаса, енді біреулері бұрынғы күнді қайтару қажет деп санайды.