Контентке өту

Соңғы қоңырау кеші - тәртіп бұзуға себеп емес: полиция ата-аналарға үндеу жасады

Соңғы қоңырау кеші - тәртіп бұзуға себеп емес: полиция ата-аналарға үндеу жасады

Мектеп бітіру кештері мен жазғы демалыс маусымы жақындаған сайын құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуде. Полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін сақтау және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Осыған байланысты облыстағы барлық білім беру ұйымдарында Полиция департаменті бөлімшелері басшыларының қатысуымен жалпы мектептік және сыныптық ата-аналар жиналыстары өткізілуде. Кездесулер барысында тәртіп сақшылары ата-аналарға жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын түсіндіріп, кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік пен темекі өнімдерін пайдалануына жол бермеу қажеттігін ескертуде.

Полиция мәліметінше, профилактикалық жұмыстармен қатар заң талаптарын бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Күнделікті рейдтер мен тексерулер нәтижесінде балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 735 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 33 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған немесе шектелген.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде және ойын-сауық мекемелерінде жүруіне байланысты 4180 заңды өкіл мен 142 ойын-сауық орнының иесі жауапқа тартылды.

Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін бақылау және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері де басты назарда. Осыған байланысты полиция мектеп бітіру іс-шаралары кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзуға, автокортеж ұйымдастыруға, пиротехникалық заттарды қолдануға және өзге де азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейтінін қатаң ескертті.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - полиция, ата-ана және педагогтердің ортақ міндеті. Тек бірлескен жұмыс арқылы құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты