Меркі ауданының көркем бөктерінде орналасқан шағын құс фермасы бүгінгі күні отбасылық құндылық пен сапалы өнімнің үйлесімі табысты кәсіпке айнала алатынын дәлелдеп отыр., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл істің бастауы классикалық бизнес-жоспардан емес, отбасы денсаулығына деген жауапкершіліктен туған. Ферма иесі Клара Садыкова алғашқы қадамдарын еске ала отырып, балалар пайда болғаннан кейін азық-түлік сапасына деген талаптың артқанын айтады. Сол себепті құстың қандай жағдайда өсіп, немен қоректенетінін толық бақылауда ұстау басты мақсатқа айналған.
Алғашқы кезеңде жұмыс шағын ғана сарай бұрышынан басталған. Дегенмен бірден торлы емес, еденде еркін ұстау тәсілі таңдалған. Бұл әдіс шығынды көбірек талап еткенімен, құстың қозғалысын арттырып, ет сапасына оң әсер етеді.
Жобаның бастапқы инвестициясы шамамен 1,2 миллион теңгені құраған. Бұл қаражатқа суару жүйелері, жарықтандыру, желдету және арнайы төсеніштер жасақталған. Қажетті құрылғылардың бір бөлігі қолмен құрастырылып, жем салатын құралдар мен қоршаулар орнатылған.
Алғашқы 500 балапан өсіру кезеңі нағыз сынақ болған. Иелері алғашқы түннің аса жауапты сәт болғанын айтады — әр екі сағат сайын тексеріп, құстардың тоңып қалмауын және бір жерге үйіліп қалмауын бақылаған.
Қазіргі таңда фермада бір мезгілде 1000-1500 құс өсіріледі. Бұл тұрақты көрсеткішке жету үшін күнделікті жүйелі еңбек пен нақты есеп қажет.
Негізгі шығын жемге кетеді. Құсқа берілетін азық құрамы – жүгері, арпа, тары және бидай қоспасы. Ал бір күндік балапандар үшін «БМ» компаниясының арнайы жемі пайдаланылады. Шаруалар шағын көлемде жұмыс істегенде бөлшек бағаның тиімсіз екенін түсініп, жемді ұсақ көтерме арқылы алуға көшкен.
Ферма иесінің айтуынша, бұл сала жылдам пайда әкелетін бағыт емес. Әр өнімнің табысы күнделікті тәртіп пен еңбек арқылы келеді.
Күн тәртібі де қатаң: таңертең, түсте және кешке екі сағаттан күтім жасалады. Аптасына бір күн толық тазалық немесе сою жұмыстарына арналады. Мұндай жұмысты тұрмыспен қатар алып жүру үшін нақты жоспар қажет.
Ауыл кәсіпкерлерін жиі алаңдататын мәселенің бірі – иіс пен шу. Бұл фермада мәселе тазалық арқылы шешілген. Төсеніш уақытылы шығарылып, санитарлық талаптар қатаң сақталады. Ал көршілердің сенімін арттырудың ең тиімді жолы – өнім сапасын көрсету. Табиғи жұмыртқа мен жаңа сойылған құс еті кез келген күмәнді сейілтеді.
Штаттық ветеринардың болмауы фермерлерді алдын алу шараларына ерекше мән беруге мәжбүр етеді. Дәрі қобдишасында дәрумендер мен пробиотиктер үнемі дайын тұрады. Ал таза ауа мен құрғақ орта құстың саулығын сақтауда негізгі фактор саналады.
Өнімнің 90 пайызы тұрақты клиенттер арқылы өтеді. Бір рет сатып алған тұтынушы сапаны бағалап, қайта оралады. Достар, әріптестер, мұғалімдер – барлығы ауызша ұсыныс арқылы келеді.
Ферма иесі өнім бағасын нарықпен салыстырмайтынын айтады. Себебі олардың бройлері 40 емес, 70 күн өседі. Ол су қосып ауырлатылмаған, табиғи жеммен қоректенген. Сондықтан тұтынушы көлем үшін емес, сапа үшін төлейді.
Бұрын құсты қолмен тазалау жүзеге асса, қазір арнайы қауырсын жұлу құрылғысы қолданылуда. Дегенмен ішін тазалау процесі әлі де қолмен жасалады – бұл өнім сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлерге жаңа бағыт пен сенім береді. Қазір бұл шаруашылық үй деңгейінен шығып, толыққанды ашық экоферма құруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта автоматтандырылған суару және жем беру жүйелері орнатылып, өндіріс аумағы кеңейтілмек.
Негізгі мақсат – тұтынушы келіп, өнімнің қалай өндірілетінін өз көзімен көре алатын ашық әрі сенімді бизнес қалыптастыру.
Бұл мысал шағын бастаманың да үлкен нәтижеге жеткізе алатынын көрсетеді: сапаға адалдық пен еңбекқорлық әрдайым өз жемісін береді.