2026 жылғы 12 қазанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Көшек батыр және Желтоқсан көшелерінде «Таза қала үшін бірге!» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған көшелер қаланың көлік қатынасы мен қоғамдық өмірінде маңызды орын алады. Мұнда тұрғын үйлермен қатар сауда нысандары, қызмет көрсету орындары, демалыс аймақтары мен медициналық мекемелер орналасқан. Сондықтан бұл аумақтардың тазалығы мен абаттандырылуы қала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие.
Экологиялық акция барысында белсенді жастар мен еріктілер көшелерді тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің айналасына шашылған тұрмыстық қалдықтар жиналып, іргелес аумақтар тазартылды. Сонымен қатар көше бойындағы арықтар қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді.
Аталған игі бастаманың ұйытқысы болған Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек «Таза Қазақстан» акциясының қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына ерекше назар аударып, абаттандыру мен тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді бақылауда ұстап отыр. Тараз жастары Президент бастамасын қолдап, апта сайынғы сенбіліктерге белсенді қатысуда. Бүгін қаланың орталығындағы маңызды аумақтардың бірінде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл – өзіміз күнделікті жүріп-тұратын жер. Сондықтан туған қаламыздың тазалығына әрқайсымыз жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек.
Тазалық шараларының тәрбиелік мәні де зор. Осындай жұмыстар арқылы қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға үлгі көрсетіп, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырамыз. Тәрбиенің тазалық сақтаудан басталатынын іс жүзінде көрсетуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Азамат Лесбек.
Іс-шараға 50-ден астам ерікті мен белсенді жас қатысты. Нәтижесінде тұрғын үй аумағынан бір тоннадан астам қоқыс шығарылып, көше бойындағы іргелес аумақтар тазартылды.
Айта кетейік, осындай экологиялық шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылуда. Еріктілер мен жастар аудан орталықтарындағы саябақтар мен аллеяларды, көшелерді, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарды тазалау және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуда.
Акция аясында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға ынталандырады.
Жалпы, Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың көшет отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше мен жол тазартылды. Сонымен қатар 1 210 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, жалпы аумағы 804,8 мың шаршы метрді құрайтын саябақтар мен скверлер абаттандырылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау дағдысын нығайтуға ықпал етеді.