Тараз қаласында қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Шәмші әуендері» республикалық ретро-фестивалі өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен музыкалық кештің шымылдығы «Ән падишасы» прологымен ашылды. Қойылымға «Ақкербез» би ансамблі мен Жамбыл ауданы халық театрының әртістері қатысты.
Республикалық фестивальде қазақ эстрадасының белгілі өкілдері мен өнер майталмандары сахнаға шықты. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Медеу Арынбаев, Гауһар Қаспақова және Заттыбек Көпбосынұлы болды. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті.
Өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың халық жүрегінен орын алған таңдаулы әндерін орындап, көрерменге әсем әуенге толы ерекше кеш сыйлады. Композитордың мәңгілік мұрасына айналған туындылар тыңдармандарды қазақ ән өнерінің алтын дәуіріне жетелеп, сағыныш пен сырға толы әсер қалдырды.
Музыкалық кешті Сержан Молдасанұлы мен Айнұр Ахметжанова жүргізді.
Шара соңында облыс әкімінің атынан өнерпаздарға ықылас гүлі табысталды.
«Шәмші әуендері» фестивалі қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармаларды дәріптеп, композитор мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған мәдени шаралардың бірі болды.